Түркістанда «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында жылжымалы кітап пункті 2023 жылдың 13-қыркүйегіне бастап оқырман қабылдайды. Кітапхананың ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, мемлекеттік қызметшілер мен кітапханашылар қатысты. Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін оқу жағдай жасалған. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 3600-ге жуық кітап қоры бар. Оның ішінде әр түрлі бағытта, атап айтқанда мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Жергілікті шебер Жанболат Сүйімбайдың қолынан шыққан, ешкінің терісінен жасалған бұйымда Абайдың «Қара сөздері» жазылған. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері пергамент қағазынан әзірлеген «Диуани хикметтің» көшірмесі ұсынылған. Көне Күлтегін жазбасының да үлгісін осы жерден көруге болады. Сонымен қатар оқырман сұранысына қарай қажетті кітаптарды облыстық кітапханадан қысқа мерзімде жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Жалпы облыстағы 396 кітапханаға биыл жыл басынан бері 40 мыңға жуық кітап алынған, одан бөлек 16 ауданда ашық әкімдіктегі кітапхана жұмыс жасауда. Әлі де қажетті кітаптармен толықтыру жоспарлануда. Аталған жоба мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып отыр.
АШЫҚ ӘКІМДІКТЕГІ АШЫҚ КІТАПХАНА
27
Фев