Санатсыз

Базардағы кітапхана

Түркістан облысында адам көп шоғырланатын ірі базарларда кітапхана ашу жобасы жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында 11 қаңтар күні Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының бөлімшесі ашылды.– «Базардағы кітапхана» идеясы адамдар көп жиналатын орындарда білім мен мәдениетке арналған алаң қалыптастыру мақсатында пайда болды және бүгінде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауына ие болып, ол мәдени ортаны дамытуға бағытталған жүйелі іс-шараларды ұйымдастыруды тапсырды. Өздеріңіз білетіндей, өңір тұрғындарының басым бөлігі кәсіпкерлікпен айналысып, сауда нүктелері арқылы жұмыс істейді. Базар – қарапайым азаматтар жиі келетін орындардың бірі. Сондықтан біз бұл жаңа жобаны кәсіпкерлерді кітап оқуға ынталандыру және мәдени ортаны кеңейту мақсатында бастадық.Қаланың ең ірі сауда орталығы «Қуанышта» 1700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді, ал күн сайын 20 мыңнан астам адам келеді. Ашылған кітапхана күніне шамамен 70 адамға, айына орта есеппен 1500 адамға қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл жаңа жобаны аудан және қала орталықтарындағы базарларда да жалғастырамыз. Қоғамды кітап оқуға тартатын жаңа жобалардың пайда болуы оқырмандар санының артуына тікелей әсер етеді. Біздің бастамамызды қолдаған базар иелеріне алғысымды білдіремін. Бұл кітапхана бөлімшесі де оқырмандар игілігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Дәулетұлы.Кітапханада әртүрлі бағыттағы шамамен 3 мыңға жуық кітап ұсынылған: көркем әдебиет, кәсіпкерлікті дамытуға арналған кітаптар және шабыт беретін әлемдік бестселлерлер. Бұл туындылар кәсіпкерлерге бизнестерін дамытуға, табысты тұлға болуға және жаңа креативті идеялардың пайда болуына ықпал етеді.Кітап сөрелері қоғам сұранысына сәйкес үнемі жаңартылып отырады. Сондай-ақ азаматтар оқып болған кітаптарын сыйға тарта алатын немесе басқа кітаптарға айырбастай алатын арнайы сөрелер мен шкафтар орнатылады.Әкімдік тапсырмасына сәйкес, кітапхана білімге қолжетімділікті қамтамасыз етеді, мәдени құндылықтар алмасуына мүмкіндік береді, мерзімді басылымдарды, көркем әдебиеттерді және балаларға арналған кітаптарды ұсынады. Ол оқуға қолайлы орта қалыптастырып, оқырмандармен тығыз байланыс орнатады және келушілердің уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.

Пікір қосу

Ваш адрес email не будет опубликован. Міндетті өрістер белгіленген *